Елімізде республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, рухани мұрамызды сақтау, жас ұрпақты патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу. Акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік туғызады.
«Бір ел – бір кітап – 2018» республикалық акциясы бойынша үш бірдей кітап: Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық», Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таңдап алынды. Бұл кітаптарды оқу - жыл бойы насихатталатын болады.
Ойшыл ақын
Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер. Ол бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының бөктерінде 1858 жылы, 11 шілдеде дүниеге келген. Әкесі-Абайдың ағасы - Құдайберді қайтыс болған соң, Абайдың тәрбиесінде болады. Жеті жасынан өлеңге қабілеттілігін танытады. Өз бетімен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін игеріп, шығыс, орыс классиктерінің шығармаларынан нәр алады. Әртүрлі өнер түрлерін игереді. Жиырмадан асқанда ел басқару ісіне араласады. Абай қайтыс болған соң, ақын аға өсиетімен 1905-1906 жылдары қажылық сапармен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Әлем кітапханаларында білім қазыналарымен танысады. Дін мен философия, ғылым салаларын игереді. 1908 жылдан бастап елден шет кетіп, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі, «Мұсылмандық шарты» кітабы 1911 жылы Орынборда, «Қазақ айнасы» өлеңдер жинағы, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары 1912 жылы Семейде басылып шығады. Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстоймен хат алысып, өзін оның шәкірті санайды. 1931 жылы бандылармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан атып өлтіріледі. 1988 жылы ақын аты ақталды. Ш. Құдайбердіұлының әдеби мұрасы аса бай. Ол поэзия, проза, аударма, тарих, трактат саласында жұмыс істеп, Абай дәстүрінде демократтық-халықтық, гуманистік-халықтық бағыт ұстады.
Ш. Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирик. өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 ж. «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 ж. «Жалын» баспасынан жарық көрді.
Қазақ халқының қаһарман ұлы
Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 жыл-10 маусым 1982 жыл) - Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. Бауыржан Момышұлы әдеби ет майданында да әскери ерліктерінен еш кем емес каһармандық іс тындырған қаламгер екені баршаға мәлім. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптасуы, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды Отан қорғауға дайын тұру рухында баулу, әскери тәлім-тәрбие болып табылады. Бауыржан Момышұлының басты шығармалары: «Офицер күнделігі», «Бір түннің оқиғасы» (1956), «Москва үшін шайқас» (1958), «Майдандағы кездесулер» (1962), т.б. Кеңес Одағының батыры И.В.Панфилов жайында «Біздің генерал» деген ғұмырнамалық хикаят жариялады. Ал «Ұшқан ұя» повесі 1976 жылы Казақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесі (1974) - халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі. 1976 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Ұшқан ұя» кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған. «Ұшқан ұяда» әлем тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануарлар болмысы, қауымының қалыптасуы, әлемнің пайда болуы, тірлік, өмір туралы алғашқы мағлұматтарды, азаматтық тұрғыдағы аңыз-әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезіммен есіне алған, сондай-ақ ненің жақсы , ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан етеді. Әкесі Момыш өз бетімен сауат ашқан, сол кездегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын.
Шығармада балалық шағында, көрген куә болған, есте қалған оқиғалар арқылы жалпы сол тұстағы әлеуметтік кезеңді, қоғамдық өмірді суреттеу мәселелерін басты міндет етіп қояды. Қаламгер өзінің ес біле бастаған кезінен мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірін еркін әңгімелейді. Повесте қазақ ауылының көрінісі байыпты да терең бейнеленеді. Өткен оқиғаларды әңгімелейтін шығарманың құндылығы да, өміршеңдігі де тарихи шындықтан, тарихи оқиғалардан алшақ кетпеуінде десек, Бауыржан Момышұлы да өзі өмір сүрген дәуірді шыншыл суреттеп, бастан өткенді ой елегінен өткізіп, өмір сыйлаған қуанышты, қиындықтарды шыншылдықпен жаза алды.
Бауыржан Момышұлының шығармаларының құндылығы бүгінгі таңда баға жетпес мұра болып табылады. Себебі, жастарды, жаңа ұрпақты сергек және өз ісіне сенетін, кедергілерден қорықпайтын, оның қандайын болса да, жеңе білетін күрескерлік рухта тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы..
Ерлік пен даналық дастаны
Түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор ҚР гуманитарлық ғыл ымдар академиясының академигі, түрколог-ғалым. Немат Келімбетов 1937 жылы Өзбекстан, Ташкент облысының Жаңажол қаласында дүниеге келген.
Сарыағаш ауданының Абай ауылындағы орта мектепті бітірген. Ташкент қаржы-экономика инcтитутын (1959), ҚазМУ-дың филология факультетін сырттай оқып бітірген (1966). 1959–1960 жылдары Келес және Сарыағаш аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Ғылым академиясының экономика институтында кіші ғылыми қызметкер, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және архитектура салалары бойынша Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы болып жұмыс істеді. «Қазақстан» баспасында редактор (1976–1981), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында профессор (1981–1997), Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қазақ тілі кафедрасында профессор (1997–2002) қызметтерін атқарған. Әскери атағы - отставкадағы лейтенант.
«Үміт үзгім келмейді» деп аталатын хикаят-монологында ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі,мөлдір махаббаты сөз болады. Науқас адамның сын сағаттағы сан қилы ой-толғаныстары бас қаһармандар Ержан мен Гауһардың монологтары арқылы берілген. Күн санап өмір шамы өшіп бара жатқан Ержанды ажал аузынан сүйікті жары Гаухар алып қалғаны хикаят-монологта зор шеберлікпен баяндалған. Иә, Ержан аяқ-қолы сал болып, мүгедек күйге түссе де, ақыры қайсар жанның биік рухы, қайтпас қайсар күші, өмірге деген құштарлығы жеңіп шығады. Бұл кітаптың құндылығы да осы бір түйінде болса керек. Нақ осындай қуаттан қайта тірілген автор өзі сақтай алған адамгершілігінің бар күшімен «Мен тірімін!» деп жар салады. Иә, бізді түңілу мен өмірге құштарлықтың арасындағы терең орды аттап өтуге мәжбүрлейтін Немат Келімбетов шығармаларын оқу керек! .
.. Ағылшын жазушысы Дэвид Перри Немат Келімбетовтің бұл шығармасы жайлы былай деген: «Бұл тамаша кітапты дүкеннен не кітапханадан тауып оқыған оқырманның бақыты зор. Мыңдаған қиындықтарға батып кете ме, әлде Келімбетов секілді адам қалпын сақтап қайғыға қарсы тұра ма? Оқырман автор шеберлігіне тамсанып қана қоймай, кітапты парақтаған сайын этикалық сабақ алып отыру бақытына ие болады. Бұл сирек кітаптарға ғана тән құбылыс.